«d8n.ai Enterprise» БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ СЕРВИСІН ҰСЫНУ ШАРТТАРЫ (оферта)
1. НЕГІЗГІ ТЕРМИНДЕР МЕН АНЫҚТАМАЛАР
1.1. Оператор – d8n.ai Enterprise бағдарламалық қамтамасыз етуіне айрықша мүліктік құқықтарға ие «Documentolog Global Limited» жеке компаниясы (БСН 190740900207).
1.2. d8n.ai Enterprise бағдарламалық қамтамасыз етуі – белгілі бір функцияларды орындауды, цифрлық деректерді өңдеуді, сақтауды, жаңғыртуды және (немесе) беруді қамтамасыз ететін алгоритмдерді іске асыратын, пайдалануға дайындалған кодтар жиынтығы болып табылатын, айрықша мүліктік құқықтары Операторға тиесілі цифрлық объект.
1.3. Жүйе – d8n.ai Enterprise бағдарламалық қамтамасыз етуін пайдаланатын, оған қол жеткізу Клиент таңдаған «d8n.ai SE» немесе «d8n.ai AIE» Шешімі шеңберінде берілетін, алдын ала бапталған конфигурациясы бар, электрондық құжаттармен олардың бүкіл өмірлік циклі бойы (құру, өзгерту, келісу, қол қою, тіркеу, сақтау, іздеу және т.б.) жұмыс істеуге арналған және ішкі бизнес-процестерді автоматтандыруға, Клиенттің сыртқы электрондық құжат айналымын, сондай-ақ Клиент таңдаған Шешімге байланысты ЖИ-агенттерге қол жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін цифрлық жүйе.
1.4. «d8n.ai SE» Шешімі – ЖИ-агенттердің функционалына қол жеткізусіз d8n.ai Enterprise бағдарламалық қамтамасыз етуінің конфигурациясы, оның функционалдық мүмкіндіктері, ұсыну шарттары мен тәртібі осы Офертамен және оған Қосымшалармен айқындалады.
1.5. «d8n.ai AIE» Шешімі – ЖИ-агенттердің функционалына қол жеткізу мүмкіндігін беретін d8n.ai Enterprise бағдарламалық қамтамасыз етуінің конфигурациясы, оның функционалдық мүмкіндіктері, ұсыну шарттары мен тәртібі осы Офертамен айқындалады.
1.6. ЖИ-агенттер – Клиенттің бизнес-процестері шеңберінде міндеттерді автоматтандырылған түрде орындау, деректерді өңдеу және нәтижелерді (ұсынымдарды, шешім жобаларын, жауаптарды және өзге де нәтижелерді) қалыптастыру үшін жасанды интеллект технологияларын пайдаланатын өнімнің компоненті.
1.7. Клиент – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген, қызметіне Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында тыйым салынбаған, оның атынан Офертаны Акцептеуді білдірген Уәкілетті тұлғалар әрекет ететін заңды тұлға, заңды тұлғаның филиалы немесе өкілдігі;
1.8. Оферта – Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 395-бабының 5-тармағына сәйкес Оператордың https://documentolog.kz/offer Сайтында жарияланған Жүйе сервисін ұсынудың осы шарттарының мәтіні (мәтін бойынша – Оферта);
1.9. Офертаны акцептеу – Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 396-бабының 1-тармағына сәйкес Офертаға қосылу шартын жасасу (оған қол қою).
1.10. Клиенттің уәкілетті тұлғасы – Клиенттің бірінші басшысы не Клиентпен құқықтық қатынастармен байланысты және Клиент атынан осы Офертаның 2-бөлімінде көрсетілген әрекеттерді жасауға, сондай-ақ Жүйеде әрекеттер жасауға, оның ішінде Жүйеде электрондық құжаттарға қол қоюға Клиент уәкілеттік берген, Клиенттің қол қою құқығы бар ЭЦҚ-сына ие жеке тұлға.
1.11. Қосылу шарты – Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 389-бабына сәйкес Тараптар арасында жасалған, Клиенттің, оның ішінде әлеуетті Клиенттің осы Офертаның барлық шарттарына қосылуы туралы, Клиенттің, оның ішінде әлеуетті Клиенттің Уәкілетті тұлғасы қол қойған, Оператор қызметтерінің құнын есептеу, Жүйе сервисі үшін өзара есеп айырысу тәртібі және өзге де шарттар айқындалатын келісім.
1.12. Оператордың қызметтері – Жүйе сервисінің қызметтері және Оператор көрсететін өзге де қызметтер.
1.13. Жүйе сервисі – Оператор осы Офертаға сәйкес SaaS/PaaS моделі бойынша көрсететін, «бар күйінде» қағидаты бойынша Жүйеге қол жеткізу мүмкіндігін беру қызметтері.
1.14. Жеке кабинет – Клиенттің/Клиент пайдаланушыларының Оператормен өзара іс-қимыл құралы. Жүйе әкімшісімен және Оператордың Қолдау қызметімен белсенді өзара әрекеттесуге мүмкіндік береді.
1.15. Жүйе әкімшісі – Клиент уәкілеттік берген жеке тұлға немесе Жүйе сервисінің әкімшілік мәселелері бойынша Оператормен өзара әрекеттесуге (өтінімдер беруге, жүйені әкімшілендіруге, Клиент атынан Жеке кабинеттегі және басқа бөлімдердегі ресми және өзге де құжаттармен танысуға) Клиент уәкілеттік берген Клиенттің қызметкері.
1.16. Баға саясаты – Оператор көрсететін барлық Қызметтердің Оператордың Сайтында жарияланған өзекті құны.
1.17. SaaS моделі (ағылш. software as a service) – Клиентке Қосылу шартында айқындалған кезеңге Оператордың серверінде орналасқан Жүйеге қол жеткізу мүмкіндігін беру.
1.18. PaaS моделі (ағылш. Platform as a Service) – Клиентке Қосылу шартында айқындалған кезеңге Клиенттің серверінде орналасқан Жүйеге қол жеткізу мүмкіндігін беру.
1.19. Клиент пайдаланушысы – Клиентпен құқықтық қатынастармен байланысты және Жүйеде әрекеттер жасауға, оның ішінде Жүйеде электрондық құжаттарға қол қоюға Клиент уәкілеттік берген, Клиенттің қол қою құқығы бар ЭЦҚ-сына немесе Клиент қызметкерінің ЭЦҚ-сына ие жеке тұлға, оның ішінде Клиенттің уәкілетті тұлғасы.
1.20. Электрондық құжат – Клиент пайдаланушысы Жүйеде жасаған, ақпарат электрондық-цифрлық нысанда берілген және Клиент пайдаланушысының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған, заңдық маңызы бар құжат деп танылатын құжат.
1.21. Электрондық цифрлық қолтаңба (мәтін бойынша – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтінін растайтын, Жүйе құралдарымен ҚР Ұлттық куәландырушы орталығы берген кілттерді пайдалана отырып жасалған және электрондық құжаттың заңдық күшін растайтын электрондық цифрлық символдар жиынтығы.
1.22. Коммерциялық ұсыныс – Оператордың Сайтында орналасқан Онлайн-калькулятор арқылы Клиенттің уәкілетті тұлғасы немесе Клиент пайдаланушысы есептеген және қалыптастырған, Оператор қызметтерінің құнын айқындайтын, бірегей нөмірі бар, қолданылу мерзімі бар құжат.
1.23. Онлайн-калькулятор – Оператордың Сайтында орналастырылған, Оператордың Баға саясатына сәйкес Оператор қызметтерінің құнын есептеуге мүмкіндік беретін құрал.
1.24. Жүйе сервисін ұсыну құнын есептеу – Қосылу шартының қосымшасы және ажырамас бөлігі болып табылатын, Коммерциялық ұсынысқа негізделген, онда пайдалану кезеңі, Жүйе сервисі үшін абоненттік төлемнің мөлшері, пайдаланушылар саны, Жүйедегі құжат түрлерінің тізбесі айқындалатын құжат.
1.25. Жеке кабинеттегі баланс – Оператор қызметтерінің құнын есептеуде көрсетілген, Клиенттің Жеке кабинетіндегі ағымдағы шотқа есептелген жалпы сома.
1.26. Абоненттік төлем – Жүйе сервисін пайдалану уақытына пропорционалды есептен шығарылатын/есептелетін, мөлшері Коммерциялық ұсыныста және Жүйе сервисінің құнын есептеуде белгіленетін есептік кезең (ай/тоқсан) үшін төлем.
1.27. Есептік кезең – Жүйе сервисінің қызметтері көрсетілген және сол кезеңде Абоненттік төлем есептелетін/есептен шығарылатын 1 (бір) күнтізбелік ай/тоқсан.
1.28. «Қазақстандық электрондық құжаттармен алмасу орталығы» шлюзі (мәтін бойынша – Оператордың шлюзі) – электрондық құжаттармен сыртқы алмасуды қамтамасыз ететін, Жүйемен интеграцияланған ақпараттық жүйе.
1.29. ЭҮСШ – «Электрондық үкіметтің» сыртқы шлюзі, «электрондық үкімет» шеңберінде мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерді («электрондық үкіметтің» сыртқы шлюзі арқылы) интеграциялауға арналған ақпараттық жүйе. ЭҮСШ бір мезгілде шлюз және маршрутизатор, сондай-ақ хабарламаларды кепілді жеткізу құралы мен тетігі болып табылады. Осы шлюздің иесі «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ болып табылады.
1.30. Сайт – Оператордың https://documentolog.kz/ мекенжайы бойынша орналасқан ресми интернет-ресурсы.
1.31. «Қандай болса, солай» қағидаты (ағылш. «as is») – Оператор ұсынатын түрдегі Жүйенің алдын ала бапталған конфигурациясы.
1.32. SIEM (ағылш. security information and event monitoring – ақпараттық қауіпсіздікті және қауіпсіздік оқиғаларын басқару) – Оператор Жүйенің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде пайдаланатын, Клиент пайдаланушыларының Жүйеде жасаған күдікті әрекеттерінің оқиғалар журналдарын мониторингтеу мен талдаудың орталықтандырылған жүйесі.
1.33. Жүйенің қолжетімділік деңгейі (мәтін бойынша – SLA, ағылш. Service Level Agreement) – Қосылу шартында көрсетілген параметрлерге сәйкес Жүйенің қолжетімділік деңгейін қамтамасыз ету.
1.34. Жүйенің қолжетімсіздігі – профилактикалық, техникалық жұмыстар жүргізу уақытын және форс-мажорлық жағдайларды қоспағанда, Клиент Жүйесіне қол жеткізудің толық болмауының Оператор растаған фактісі. Жүйенің ішінара жұмыс істемеуі және мобильді қосымшаның жұмыс істемеуі Жүйе сервисінің қолжетімсіздігі болып табылмайды.
1.35. Екі факторлы аутентификация – пайдаланушының Жүйеге кіруінің қос рәсімінен өтуі көзделген Жүйеге қол жеткізуді бақылау әдісі.
1.36. Дискілік кеңістік – Оператордың серверлік жабдығында бір пайдаланушыға бөлінген, мөлшерін Клиент Онлайн-калькуляторда айқындайтын жад көлемі.
1.37. Тараптар – осы Офертаның және Қосылу шартының тараптары болып табылатын Клиент пен Оператор.
1.38. Шексіз қызметтер пакеті – Клиент Баға саясатына сәйкес жеке сатып алатын және Қосылу шартында көрсетілетін, Клиентке осындай қызметтің қолданылу кезеңі ішінде Баға саясатында және/немесе Қосылу шартында айқындалатын пысықтау түрлерінің тізбесі мен шарттары шегінде Жүйенің функционалдығын пысықтауға (бейімдеуге, өзгертуге) сұраныстармен шектеусіз жүгіну құқығын беретін қосымша қызмет.
2. КЛИЕНТТІҢ ОСЫ ОФЕРТАНЫ ҚАБЫЛДАУ ТӘРТІБІ ЖӘНЕ ҚОСЫЛУ ШАРТЫН ЖАСАСУ ТӘРТІБІ
2.1. Офертаны акцептеу Клиенттің осы Офертамен толық және сөзсіз келісетінін білдіреді.
2.2. Қосылу шартын жасасу:
2.2.1. Жүйе сервисін ұсынуға арналған шарт Клиенттің нысаны бойынша жасалған жағдайда берілген жеңілдіктердің күші жойылады.
2.2.2. Қосылу шарты жасалғаннан кейін Клиентте Қызметтерге ақы төлеу бойынша Оператор алдында қаржылық міндеттемелер туындайды.
2.3. Тараптар арасында Қосылу шарты жасалғаннан кейін Оператор Клиентке Қосылу шартында көзделген құжат түрлерімен және шешімдермен және онда көрсетілген мерзімге Жүйеге қол жеткізу мүмкіндігін береді.
2.4. Тараптар осы Офертаның 2.2.1-тармағының ережелерін ескере отырып, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу веб-порталында Қосылу шартын жасасуға құқылы.
2.5. Қосылу шартын жаңа кезеңге қайта жасасу тәртібі:
2.5.1. Клиент Оператордың Сайтында Коммерциялық ұсыныс қалыптастыруға құқылы.
2.5.2. Жүйеге үздіксіз қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында Оператор Қосылу шартының қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін алдын ала Клиентке Қосылу шартын жаңа кезеңге жасасу туралы ұсыныспен Коммерциялық ұсыныс беруге құқылы.
2.5.3. Жүйеге үздіксіз қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында жаңа кезеңге арналған Қосылу шарты алдыңғы Қосылу шартының қолданылу мерзімі өтетін күннен кешіктірілмей жасалуға тиіс.
2.6. Осы офертаның 2.5.3-тармақшасында көзделген мақсат үшін Клиентке қолданыстағы Қосылу шартының мерзімі таяу арада өтетіні туралы еске салғыштар Жүйеде автоматты хабарламалар арқылы мынадай кезеңділікпен жіберілуі мүмкін: қолданыстағы Қосылу шартының мерзімі өтетін күнге дейін 3 (үш) күнтізбелік ай, 1 (бір) күнтізбелік ай, 1 (бір) апта және 3 (үш) күнтізбелік күн бұрын.
2.7. Қосылу шартының қолданылу мерзімі өткен күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде Қосылу шартын ұзартудан бас тартылған кезде Клиенттің Жүйеге қол жеткізу мүмкіндігі тоқтатылған болып саналады, Оператор Клиент Жүйеде жасаған және қол қойған барлық электрондық құжаттарды жоюға не оларды осы Офертаның 12.12-тармағына сәйкес Клиентке оның жазбаша сұрауы бойынша беруге құқылы, бұл ретте Клиент өз құжаттарының (ақпаратының) сақтық көшірмесін жасауды және мұрағаттық сақталуын өз бетінше қамтамасыз етеді.
2.8. Клиент Оператор қызметтеріне ақы төлеу бойынша туындаған берешек сомасын берешек туындаған күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде өтемеген және Клиент берешекті өтемеген жағдайда, Клиенттің Жүйеге қол жеткізу мүмкіндігі осы Офертаның 2.7-тармағында белгіленген салдарлар туындай отырып тоқтатылған болып саналады.
2.9. Қосылу шарты мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда жоғарыдағы 2.7-тармақта көзделген салдарлар шарттық қатынастар тоқтатылған күннен кейінгі күні туындайды.
3. ОФЕРТАНЫҢ МӘНІ
3.1. Осы Оферта бойынша Оператор Қызметтерді осы Офертада белгіленген тәртіппен көрсетуге міндеттенеді, ал Клиент Жүйе сервисін пайдалану кезінде осы Офертаны сақтауға және Оператордың қызметтеріне Қосылу шартында және осы Офертада белгіленген тәртіппен ақы төлеуге міндеттенеді.
3.2. Осы Оферта Жүйе сервисін пайдалану тәртібін реттейді. Оператор Клиентке осы Офертаның шарттарымен қолжетімді Жүйе сервисін пайдалануды ұсынады. Оператор кез келген уақытта Жүйе сервисін ұсыну шарттарын қайта қарауға немесе өзгертуге, Жүйе сервисінің функционалдық мүмкіндіктерін, оның ішінде Клиенттің Жүйе сервисіне немесе оның жекелеген функционалдық мүмкіндіктеріне қол жеткізу шарттарын толықтыруға, өзгертуге, шектеуге, кеңейтуге құқылы.
3.3. Құнды айқындау және өзара есеп айырысу тәртібі, Жүйе сервисін ұсыну мерзімі және Жүйе сервисінің қызметтерін көрсетудің өзге де шарттары Қосылу шартында айқындалады.
3.4. Жүйеге зияткерлік меншіктің барлық құқықтары, оның ішінде айрықша мүліктік құқықтар Оператордың меншігі болып табылады және осы Офертаның, Қосылу шартының жасалуына және Клиенттің Жүйе сервисін пайдалануына байланысты Клиентке берілмейді. Оператор Оператор жасаған, оның ішінде Қызметтерді көрсету шеңберінде жасаған Жүйенің кез келген модификацияларына және/немесе толықтыруларына зияткерлік меншіктің барлық құқықтарын өзіне сақтайды.
3.5. Клиент қол қоятын және/немесе Клиент өз контрагенттерімен Жүйе сервисі арқылы жасасатын шарттар (Қосылу шартын қоспағанда), келісімдер, құқықтық сипаттағы өзге де ұқсас құжаттар тек Клиенттің өз құжаттары ретінде қаралады. Оператор олардың тарапы болып табылмайды және оларды жасау және/немесе орындау үшін ешқандай жауапкершілік көтермейді. Оператор Клиент қатысатын мәмілелерді ұйымдастырушы, Клиенттің делдалы, агенті немесе өкілі және/немесе Клиент қатысуымен ұсынылатын/жасалатын/жүзеге асырылатын мәмілелерге қатысты өзге де мүдделі тұлға болып табылмайды.
3.6. Қызметті көрсетудің басталу сәті Жүйе әкімшісі Жүйеге кіру үшін есептік деректерді (логин мен парольді) алған күннен бастап 1 (бір) аптаның өтуі болып табылады.
3.7. Тараптар Клиент, Клиент пайдаланушысы Жеке кабинетте өзінің ЭЦҚ-сы арқылы қол қойған барлық құжаттарды Тараптар өз қолымен қойылған қолтаңбамен қол қойылған құжаттарға тең құжаттар деп танитынымен, олар сондай заңдық салдарларға ие болатынымен, заңдық маңызы бар болып табылатынымен және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес даулар мен соттарда дәлел ретінде қолданылуы мүмкін екенімен келіседі.
3.8. Жүйеде электрондық нысанда жасалған құжаттарды сыртқы электрондық құжат айналымы жүйелерінде адресат болмаған жағдайда берілген электрондық пошта мекенжайына жіберу арқылы жеткізуге болады.
3.9. Клиент Жүйеде орналастыратын не Жүйені пайдалана отырып жасалатын барлық құжаттар, электрондық құжаттар және өзге де ақпарат Клиент Жүйеге ерікті негізде енгізген болып саналады және Жүйеде жүйелік жазбалар түрінде есепке алынуға тиіс. Құжаттар мен ақпаратты орналастыру Клиентке Жүйеге, оның бағдарламалық қамтамасыз етуіне, дерекқорларына, құрылымына және Жүйенің өзге де элементтеріне, сондай-ақ Оператор Жүйенің жұмыс істеу процесінде қалыптастыратын, оның жұмысының нәтижесі болып табылатын және Оператордың бағдарламалық-ақпараттық инфрақұрылымының элементі ретінде Оператор құқықтарының объектілеріне жататын жүйелік жазбаларға, операциялар журналдарына және өзге де техникалық деректерге қандай да бір айрықша құқықтардың өтуіне әкеп соқпайды. Оператор Клиентке Қосылу шартының қолданылу мерзімі ішінде қосымша ақы алмай, ол орналастырған құжаттарға қол жеткізудің және оларды жүктеп алудың техникалық мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
3.10. Жүйенің ЖИ-агенттері жауаптарды автоматты (ықтималдық) генерациялау алгоритмдеріне негізделген қосалқы технологиялық құрал болып табылады және деректерді өңдеу нәтижелерін модельдердің кіріс деректері негізінде дербес қалыптастырады. Мұндай нәтижелер Оператордың ұстанымын, ұсынымын, кепілдігін немесе қорытындысын білдіру болып табылмайды.
4. ЖҮЙЕ СЕРВИСІН ҰСЫНУ ШАРТТАРЫ
4.1. Жүйе сервисі мынадай қызметтерден тұрады:
4.1.1. Онлайн-калькуляторда таңдалған шешімдермен, құжат түрлерімен және Клиент пайдаланушыларының санымен Жүйеге қол жеткізу және оны пайдалану;
4.1.2. Жүйені орналастыру және Оператордың серверлік инфрақұрылымын жалға беру;
4.1.3. Оператордың шлюзі арқылы Клиенттің барлық корреспонденттерімен, оның ішінде мемлекеттік органдармен (уәкілетті органда тіркеу рәсімдерінен өткен кезде) электрондық құжаттармен сыртқы алмасу;
4.1.4. Жүйе орналастырылған серверлерді әкімшілендіру;
4.1.5. Жүйедегі Клиент деректерінің ақпараттық қауіпсіздігін, сақталуын және құпиялылығын қамтамасыз ету;
4.1.6. домендік мекенжай беру;
4.1.7. қосылым қауіпсіздігінің SSL сертификатын беру;
4.1.8. Жүйені дамыту және әзірлеу қызметтері;
4.1.9. лицензиялық қолдау;
4.1.10. кеңес алу үшін Оператордың Қолдау қызметіне жүгіну арқылы, сондай-ақ Жеке кабинетте өтінімдерді ресімдеу арқылы техникалық қолдау;
4.1.11. Клиент осы сервисті Баға саясатына сәйкес таңдаған және оған ақы төлеген кезде Оператордың бақылауы;
4.1.12. егер бұл қызметті Клиент Баға саясатына сәйкес сатып алған және ол Қосылу шартында көрсетілген болса, Шексіз қызметтер пакетін (Жүйені пысықтау) ұсыну;
4.1.13. Оператор көрсететін және Клиент таңдаған, Тараптар қол қойған Қосылу шартында көрсетілген өзге де қызметтер.
4.2. Жүйе сервисіне қол жеткізу
4.2.1. Есептік кезеңнің басталу күні қызметтерді көрсету басталған сәттен бастап есептеледі. Бұл ретте алғашқы есептік деректерді Жүйе әкімшісіне Оператор береді.
4.2.2. Жүйе сервисіне қол жеткізу мүмкіндігі тоқтатылған немесе мәліметтері жарамсыз болып қалған Клиент пайдаланушысы Оператордың арнайы рұқсатынсыз жаңа есептік жазбаны қайта құруға құқылы емес. Клиент пайдаланушысы басқа пайдаланушының есептік деректерін пайдалануға құқылы емес.
4.2.3. Егер Клиент ақы төлегеннен кейін Жүйеге қол жеткізу мүмкіндігін алса, бірақ Оператордың кінәсіне байланысты емес себептер бойынша (оның ішінде авторизациядан өтпесе, материалдарды қарамаса және т.б.) Жүйенің функционалын толық немесе ішінара пайдаланбаса, Оператордың қызметтері тиісінше көрсетілген, міндеттемелер тиісінше орындалған болып саналады, ал Оператордың қызметтері үшін төленген сома қайтарылуға жатпайды.
4.3. Жүйенің қолжетімділігі
4.3.1. Оператор Қосылу шартында көрсетілген параметрлерге сәйкес Жүйе сервисінің қолжетімділік деңгейін қамтамасыз етеді.
4.3.2. Оператор есептік кезеңде (айда) Жүйенің қолжетімділік деңгейін Қосылу шартында көрсетілген параметрлерден төмен қамтамасыз еткен кезде, көрсетілген ай үшін Жүйе сервисі қызметтерінің құны қайта есептеледі. Қайта есептеу екі Тарап растаған Жүйенің қолжетімсіздігі актілерінің негізінде жүргізіледі.
4.3.3. Жүйе сервисінің қолжетімділігін есептеуге жұмыс күндері сағат 21.00-ден 7.00-ге дейінгі уақыт, сондай-ақ демалыс және мереке күндері кірмейді. Көрсетілген кезеңдерде Оператор Клиентті алдын ала хабардар етпестен, оның ішінде Жүйе сервисіне қол жеткізуді уақытша тоқтата отырып, Жүйеде профилактикалық және техникалық жұмыстар жүргізуге құқылы. Жүйеде техникалық және профилактикалық жұмыстарды басқа уақытта жүргізу қажет болған кезде Оператор көрсетілген жұмыстардың жүргізілетіні туралы кез келген тәсілмен, оның ішінде Documentolog News /t.me/documentolog Telegram-арнасында хабарлама орналастыру арқылы хабарлайды. Оператордың профилактикалық және техникалық жұмыстарды жүргізу құқығы Оператордың бұл жұмыстарды жүргізуге міндетті екенін білдірмейді. Көрсетілген жұмыстарды Оператор өз қалауы бойынша, қажеттілігіне қарай жүргізеді.
4.3.4. Жүйенің қолжетімсіздігі ол 5 минуттан астам толық қолжетімсіз болған жағдайда тіркеледі, бұл ретте қолжетімсіздік фактісі тек Оператордың мониторинг құралдарымен айқындалады.
4.3.5. Егер Клиент Жүйе сервисінің қолжетімсіздігі фактісін тіркемесе немесе Оператор Жүйе сервисінің қолжетімсіздігін растамаса, мұндай жағдайларды Тараптар Жүйе сервисінің қолжетімсіздігі деп танымайды және олар Қызметтер құнын қайта есептеуге және азайтуға негіз болып табылмайды.
4.3.6. Жүйе авторизация үшін қолжетімді болатын не жекелеген модульдер немесе функциялар жұмыс істемейтін Жүйенің ішінара жұмыс істемеуі, сондай-ақ мобильді қосымшаның жұмыс істемеуі Жүйенің қолжетімсіздігі фактісі болып табылмайды және Жүйе сервисі қызметтерінің құнын қайта есептеуге және азайтуға негіз бола алмайды.
4.3.7. Жүйенің ішінара жұмыс істемеуі бойынша өтінімдерді Клиент Оператордың Қолдау қызметіне өтінімдер жіберу арқылы ресімдейді.
4.4. Жүйе сервисіндегі пайдаланушылар саны, құжат түрлері/шешімдер
4.4.1. Егер Жүйе сервисін пайдалану процесінде Клиент үшін түрлерді/шешімдерді бейімдеу немесе елеулі өзгерту іске асырылса, Жүйе сервисіне арналған шарт Қызметтер құнын есептеуге сәйкес ұзартылған жағдайда бұл түрлер/өзгерістер Клиентке өзгертілген түрде беріледі.
4.4.2. Клиентке арналған Жүйе сервисі Қосылу шартында айқындалған құжат түрлерін/шешімдерді қамтиды.
4.4.3. Жеке кабинеттегі баланс Қосылу шартының қолданылу мерзімі ішінде әрекет етеді, ол аяқталғаннан кейін Клиент төлеген Жеке кабинеттегі қалдық баланс келесі Есептік кезеңге өтуі мүмкін. Жеке кабинеттегі қалдық баланс келесі Есептік кезеңге тек бір рет өтеді, кейінгі өтулер мүмкін емес, және Клиент төлеген Жеке кабинеттегі қалдық баланстың күші жойылады. Жеке кабинеттегі қалдық баланс Клиентке ақшалай түрде қайтарылмайды.
4.4.4. Егер Клиент Жүйе сервисін жеңілдікпен сатып алса, бірақ Қосылу шарты жасалғаннан кейін Жүйедегі пайдаланушылар санын және құжат түрлерін/шешімдерді азайтса, Оператор берген барлық жеңілдіктердің күші жойылады және Қызметтердің құны азайту жүргізілген айдан/тоқсаннан бастап және кейінгі кезеңдерде Баға саясатына сәйкес жеңілдіктерді есепке алмай есептеледі.
4.4.5. Егер Клиент пайдаланушыларының өткен Есептік кезеңде Жүйеде белсенділіктері мен әрекеттері болмаса, олар Жүйені пайдаланбаса және Клиенттің Клиент пайдаланушыларының санын өзгертуге өтінімі болмаса, өткен Есептік кезең үшін Қызметтердің құны азайтылмайды және толық көлемде төленеді.
4.4.6. Клиент Қосылу шартын Коммерциялық ұсынысты алған күннен бастап 1 (бір) ай өткеннен кейін жасасқан жағдайда, Қызметтер бұрын ұсынылған жеңілдіктерді қолданбай, Қосылу шартын жасасу күні қолданыста болған Оператордың Баға саясаты бойынша көрсетіледі.
4.5. Мемлекеттік органдармен хат алмасу
4.5.1. Оператор Клиенттің өтінімі бойынша Оператордың шлюзі және ЭҮСШ арқылы Мемлекеттік органдардың бірыңғай электрондық құжат айналымы жүйесімен (МО БЭҚАЖ) өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігін ұсынады.
4.5.2. МО БЭҚАЖ-бен өзара іс-қимыл жасау және мемлекеттік органдармен электрондық хат алмасуға қосылу үшін Клиент уәкілетті органға МО БЭҚАЖ-ға жаңа корреспондентті қосуға өтінім береді. Корреспондент МО БЭҚАЖ-ға қосылғаннан және уәкілетті органның тарапынан белсендірілгеннен кейін, сондай-ақ уәкілетті органның тарапынан Оператор үшін рұқсат (техникалық мүмкіндік) болған кезде МО БЭҚАЖ-бен техникалық өзара іс-қимылды қосу жүзеге асырылады. Бұл ретте Клиенттің сатып алынған шешімдер пакетінде мынадай шешімдердің болуы міндетті: кіріс, шығыс, жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың өтініштері.
4.5.3. Оператор МО БЭҚАЖ-бен өзара іс-қимыл арқылы хаттарды ЭҮСШ-ға дейін техникалық жеткізуді қамтамасыз етеді. Хаттарды ЭҮСШ-ға және одан әрі адресатқа дейін жеткізу кезінде проблемалар және/немесе іркілістер туындаған жағдайда «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ға жүгіну қажет. Оператор ЭҮСШ тарапында туындаған қателер, баяу өңдеу, өңдеу, жеткізу мүмкін болмауы үшін жауапкершілік көтермейді. Оператор Жүйе сервисінің интерфейсінде ЭҮСШ жұмысына байланысты себеппен құжаттың жеткізілгені немесе жеткізілмегені туралы ақпараты бар хабарламаларды көрсетеді.
4.5.4. Әрбір Клиент берілген ЭЦҚ сертификаттарының қолданылу мерзімдерінің өзектілігі үшін жауапты болады, ол үшін Клиенттің ЭЦҚ-сының қолданылу мерзімі өткенге дейін кемінде 1 (бір) ай бұрын Клиент уәкілетті органға және Операторға ЭЦҚ-ны өзектендіру туралы өтінішпен хат/өтінім жібереді. ЭЦҚ ЭҮСШ және Оператор тарапында ауыстыру туралы хабарламаны алғаннан кейін 15 (он бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде ауыстырылады.
4.6. Оператор мынадай жағдайларда Клиенттің және/немесе Клиент пайдаланушыларының Жүйеге қол жеткізуін толық немесе ішінара шектеуге не бұғаттауға құқылы:
4.6.1. Клиент Оператордың қызметтеріне ақы төлеу бойынша туындаған берешек сомасын көрсетілген берешек туындаған күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде өтемеген жағдайда;
4.6.2. Жүйе сервисін пайдаланатын Клиент Қосылу шартын, оның ішінде жаңа кезеңге жасаспаған болса, Клиенттің Жүйе сервисін одан әрі пайдалану ниеті болмаған жағдайда;
4.6.3. осы Офертаның 2.5.3-тармақшасына сәйкес Қосылу шарты жаңа кезеңге жасалмаған кезде;
4.6.4. орындалған жұмыстар (көрсетілген қызметтер) актілеріне уақтылы қол қойылмаған жағдайда;
4.6.5. күдікті әрекеттер анықталған кезде;
4.6.6. ақпараттық қауіпсіздікке қатер төнген кезде;
4.6.7. Жүйе заңнаманы бұза отырып пайдаланылған кезде;
4.6.8. авариялық жұмыстар жүргізу қажет болған кезде;
4.6.9. мемлекеттік органдардың талаптарын орындау кезінде;
4.6.10. осы Офертаны және Жүйе сервисінің жұмыс істеуі мен пайдаланылуын регламенттейтін қағидаларды бұзған кезде.
5. ЖҮЙЕ СЕРВИСІН ЖАЛҒА АЛУ ҚҰНЫН ЕСЕПТЕУ ӘДІСНАМАСЫ
5.1. Жүйе сервисі қызметтерінің құны Клиент Онлайн-калькуляторда өз бетінше айқындайтын мынадай параметрлер негізінде есептеледі:
ПайдСаны – Клиент пайдаланушыларының саны;
ЖалЕКСаны – Клиент Қосылу шартын жасасқан күннен бастап таңдаған жалға алудың есептік кезеңдерінің (ай/тоқсан) саны;
Конфигурация – Онлайн-калькуляторда таңдалған құжат түрлері мен шешімдердің бір пайдаланушы үшін бір Есептік кезеңге арналған құны;
ҚолжДең – Қосылу шартында көрсетілген қолжетімділік деңгейі.
5.2. Берілген деректер негізінде мынадай параметрлер автоматты түрде есептеледі:
ЕКСағСаны – есептік кезеңдегі (ай/тоқсан) сағаттардың жалпы саны.
ЕКСағСаны = 24 сағат * есептік кезеңдегі (ай/тоқсан) күнтізбелік күндер саны
СағатҚұны – таңдалған конфигурациямен және пайдаланушылар санымен жалға алудың бір сағатының құны.
СағатҚұны = Конфигурация * ПайдСаны / ЕКСағСаны
ЖалпыҚұн – есептік кезеңдер (ай/тоқсан) санын ескере отырып, Жүйе сервисін жалға алу шартының жалпы құны.
ЖалпыҚұн = Конфигурация * ПайдСаны * ЖалЕКСаны
5.3. Есептік кезеңдегі (айдағы) Жүйе сервисінің қолжетімділік деңгейін есептеу есептік кезеңдегі (айдағы) пайдаланушылар санына, Клиент таңдаған Жүйе сервисінің қалаулы қолжетімділік деңгейіне байланысты және мынадай формулалар бойынша айқындалады:
SLA(ҚолжДең) – Клиент таңдаған Қолжетімділік деңгейі параметріне байланысты Оператор Жүйе сервисінің жұмысқа қабілеттілігін қамтамасыз етуге міндетті есептік кезеңдегі (айдағы) сағаттар саны.
SLA(ҚолжДең) = ЕКСағСаны * ҚолжДең/100
ТоқтауУақыты – Клиент жұмыс күндері сағат 7.00-ден 21.00-ге дейін Жүйе сервисінің қолжетімсіздігі фактісін тіркеген уақыт. Жүйе сервисінің басқа уақыттағы қолжетімсіздігі ТоқтауУақыты ретінде есепке алына алмайды***.***
5.3.1. ТоқтауУақыты-н ресімдеу үшін Клиент helpdesk@documentolog.com пошта жәшігіне растайтын материалдар мен скриншоттарды міндетті түрде қоса бере отырып, электрондық хат жібереді. Оператор Жүйенің қолжетімсіздігі фактісін растағаннан және Жүйенің қолжетімсіздігі актісіне қол қойылғаннан кейін ТоқтауУақыты қайта есептеу үшін тіркеледі.
5.3.2. Оператор Клиенттен Жүйенің қолжетімсіздігі туралы хабарлама алғаннан кейін осы өтінімді тексереді. Жүйенің қолжетімсіздігі расталған жағдайда Оператор Жүйенің қолжетімсіздігін Жүйенің қолжетімсіздігі туралы актімен растай алады, және Жүйенің толық қолжетімсіздігі уақыты есептік кезеңдегі (айдағы) Жүйе сервисінің қолжетімділік деңгейін есептеуге кіреді. Жүйенің қолжетімсіздігі расталмаған жағдайда Оператор Жүйенің қолжетімділігін растайтын материалдарды қоса бере отырып, Жүйенің қолжетімсіздігі туралы актіні қабылдамайды, және тиісті уақыт Жүйенің қолжетімділік деңгейін азайтуға негіз болып табылмайды.
5.3.3. Егер Клиент Жүйенің қолжетімсіздігі туындаған сәттен бастап 12 (он екі) сағат ішінде helpdesk@documentolog.com пошта жәшігіне электрондық хат жіберу арқылы Жүйе сервисінің қолжетімсіздігі туралы хабарламаса, сондай-ақ Жеке кабинетте Жүйе сервисінің қолжетімсіздігі фактісін тіркемесе, мұндай жағдайларды Тараптар Жүйе сервисінің қолжетімсіздігі деп танымайды және олар Жүйенің қолжетімділік деңгейін және Жүйе сервисі қызметтерінің құнын азайтуға негіз болып табылмайды.
5.3.4. Жүйенің ішінара жұмыс істемеуі Жүйенің қолжетімсіздігі болып табылмайды және Жүйенің қолжетімділік деңгейін және Жүйе сервисі қызметтерінің құнын азайтуға негіз болып табылмайды. Жүйенің ішінара жұмыс істемеуі бойынша өтінімдерді Клиент Жүйе сервисін лицензиялық қолдау шеңберінде Жеке кабинетте ресімдейді.
5.3.5. SLAнақты – Оператор Жүйе сервисінің жұмысқа қабілеттілігін қамтамасыз еткен айдағы нақты сағаттар саны. SLAнақты есебіне кірмейтін көрсеткіш: ЕКПрофСағСаны. SLAнақты айына Клиенттің Жеке кабинетінде автоматты түрде есептеледі.
SLAнақты = ЕКСағСаны - ТоқтауУақыты
5.3.6. Егер есептік кезеңде SLAнақты мәні SLA(ҚолжДең) мәнінен аз болса, есептік кезеңдегі (ай/тоқсан) Жүйе сервисінің құнын қайта есептеу SLAнақты мәнін Жүйе сервисін жалға алудың бір сағатының құнына – СағатҚұны-на көбейту арқылы автоматты түрде жүргізіледі.
ЕКЕсептҚұн = SLAнақты * СағатҚұны
5.3.7. Егер есептік кезеңде SLAнақты мәні SLA(ҚолжДең) мәнінен үлкен немесе оған тең болса, есептік кезеңдегі (ай/тоқсан) Жүйе сервисінің құнын қайта есептеу жүргізілмейді.
ЕКЕсептҚұн = ЕКСағСаны * СағатҚұны
6. ТАРАПТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
Осы Офертаның басқа бөлімдерінде қамтылған құқықтар мен міндеттемелерден басқа, Тараптардың мынадай құқықтары мен міндеттері бар:
6.1. Клиент:
6.1.1. Жүйе сервисі, Оператордың қызметтері үшін ақы төлеуге;
6.1.2. Клиенттің уәкілетті тұлғасын тағайындауға;
6.1.3. Оператормен Жеке кабинет арқылы өзара іс-қимыл жасауға;
6.1.4. Қосылу шарты бойынша жария болып табылмайтын құпия ақпараттың құпиялылығын сақтауға;
6.1.5. Оператордың зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарын сақтауға және бұзбауға;
6.1.6. Клиент пайдаланушыларының Жүйеде ҚР ҰКО берген заңды тұлғаның ЭЦҚ-сын пайдалануын қамтамасыз етуге;
6.1.7. Клиенттің/Клиент пайдаланушыларының жарамды және дұрыс электрондық пошта мекенжайларын, оның ішінде Оператордың тиісті сұрауларына жауап беру арқылы және Клиенттің профилін толтыру кезінде ұсынуға міндеттенеді.
6.2. Клиент:
6.2.1. профилактикалық, техникалық және авариялық жұмыстар жүргізу уақытын қоспағанда, Жүйе сервисін пайдалануға;
6.2.2. Жүйе сервисін ұсынуды жақсарту бойынша ұсыныстарға бастамашылық жасауға;
6.2.3. тиісті жазбаша сұрау негізінде Қосылу шартының қолданылу кезеңінде Оператордан деректерді Клиент ұсынған қатты дискіге xml форматында жүктеп алу арқылы беруді сұратуға құқылы.
6.3. Клиентке мыналарға тыйым салынады:
6.3.1. Жүйені әзірлеу технологиясын зерделеуге, Жүйедегі конфигурацияны көшіруге, Жүйенің графикалық интерфейсін көшіруге;
6.3.2. Оператордың жазбаша келісімінсіз Жүйенің өнімділігіне тестілеу, енуге тестілеу (penetration testing) жүргізуге, оның ішінде үшінші тұлғалардың көмегімен немесе қатысуымен;
6.3.3. Оператордың ресми жазбаша келісімінсіз және әрбір тиісті жарияланымның мазмұнына қатысты берілген оның жазбаша келісімінсіз бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде, Интернетте немесе кез келген өзге де жария кеңістікте Жүйеге және/немесе Операторға, және/немесе Жүйеге және/немесе Операторға қатысты олардың әрекеттеріне/әрекетсіздігіне байланысты өзге тұлғаларға тікелей немесе жанама қатысты ақпаратты жариялауға. Клиент осы тармақтың талаптарын Клиенттің кез келген қызметкерінің, Клиентпен үлестес немесе онымен шарттық қатынаста тұрған, немесе Клиент өзгеше түрде тартқан және/немесе қатыстырған және Клиенттің Қосылу шартын жасасуына және/немесе Клиенттің Жүйе сервисін пайдалануына байланысты Жүйе және/немесе Оператор туралы ақпарат алған кез келген тұлғаның орындауын қамтамасыз етуге міндеттенеді.
6.3.4. Жүйенің ақпараттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекеттерді, сондай-ақ «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде көзделген құқық бұзушылықтардың және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың белгілері бар әрекеттерді жасауға.
6.4. Оператор:
6.4.1. Жүйе сервисін осы Офертаға және Қосылу шартына сәйкес ұсынуға;
6.4.2. жасалған Қосылу шартының қолданылу мерзімі шегінде, Клиент осы Офертаның және Қосылу шартының барлық талаптарын сақтаған жағдайда, осы Офертада көзделген жеңілдіктерді қайта есептеу жағдайларын, сондай-ақ осы Офертаның 6.5.4-тармағына сәйкес құнды ресми инфляция деңгейіне жыл сайын индекстеу жағдайларын қоспағанда, Қызметтердің құнын біржақты тәртіппен арттырмауға;
6.4.3. Клиентпен Жеке кабинет арқылы өзара іс-қимыл жасауға міндеттенеді.
6.5. Оператор:
6.5.1. кез келген уақытта Жүйені модификациялауға, Жүйенің жаңа релиздерін шығаруға, оның ішінде Жүйеге жаңа қасиеттер мен функционалдық мүмкіндіктер қосуға және оларды Клиентке Баға саясатына сәйкес құн бойынша ұсынуға;
6.5.2. егер Клиенттен мұндай атауға/орналастыруға жазбаша тыйым түспесе, маркетингтік мақсаттарда Оператордың клиенттері қатарында Клиенттің атауын атауға және/немесе Клиент ұйымының логотипін орналастыруға. Оператор маркетингтік мақсаттарда орналастырған Клиент ұйымының барлық атаулары және/немесе логотиптері Клиенттен тікелей тыйым түскен сәтке дейін жойылуға жатпайды;
6.5.3. егер Клиент Қосылу шартына түзетулер енгізгісі келсе немесе Қызметтерді алуға арналған шарттың өз нысанын пайдаланғысы келсе, Қызметтердің құнын қайта қарауға. Бұл ретте үстеме деңгейі Баға саясатына сәйкес айқындалады;
6.5.4. осы Офертаның 6.4.2-тармағында көзделген тәртіппен ресми инфляция деңгейін ескере отырып, Жүйе сервисінің құнын жыл сайын арттыруға;
6.5.5. Жүйеде профилактикалық, техникалық жұмыстар жүргізуге;
6.5.6. проблемалық аймақтарды анықтау және Жүйенің жұмысын жетілдіру мақсатында Жүйеде Клиент қызметкерлері үшін сауалнамалар жүргізуге;
6.5.7. Жүйенің жұмысын жетілдіру, жаңа қасиеттер мен функционалдық мүмкіндіктерді жақсарту және әзірлеу мақсатында интеграцияларды баптауға және/немесе үшінші тараптың ақпараттық жүйелерін, қосымшаларын және т.б. пайдалануға;
6.5.8. Жүйенің жұмысын жетілдіру мақсатында Клиенттің Жүйедегі әрекеттері, Клиенттің Жүйе функционалын пайдалануы туралы, оның ішінде Жүйе арқылы жасалатын және жіберілетін құжаттардың саны мен түрлері туралы статистиканы жинауға, өңдеуге және өзге де түрде пайдалануға;
6.5.9. екі факторлы аутентификацияны жүзеге асыру мақсатында Клиенттің/Клиент пайдаланушыларының жарамды электрондық мекенжайларын жинауды жүзеге асыруға;
6.5.10. Жүйеде Жүйенің жұмыс істеуіне және/немесе Оператордың қызметіне байланысты, және/немесе электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану мәселелерін және/немесе өзге де сабақтас салаларды қозғайтын қандай да бір оқиғалар, фактілер, болжамдар туралы жаңалық материалдарын орналастыруға, сондай-ақ көрсетілген жаңалық материалдарын Клиенттің/Клиент пайдаланушыларының электрондық пошта мекенжайлары бойынша жіберуге;
6.5.11. Клиент Қызметке ақы төлеу бойынша міндеттемелерді орындамаған немесе уақтылы орындамаған кезде Жүйе сервисін ұсынуды тоқтата тұруға;
6.5.12. Клиентке Жеке кабинетте Қосылу шартының қолданылу мерзімі таяу арада өтетіні және Жүйе сервисін жаңа кезеңге сатып алу туралы хабарлама жіберуге;
6.5.13. Жүйені жақсарту үшін үшінші тұлғаларды тартуға құқылы.
7. ТАРАПТАРДЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ
7.1. Оператор Жүйе сервисі Клиенттің талаптары мен күтулеріне сәйкес келетіні туралы қандай да бір мәлімдемелер немесе кепілдіктер бермейді. Жүйенің ұсынылатын қолжетімділік деңгейі Қосылу шартында белгіленеді. Егер Есептік кезеңде Жүйе сервисінің қолжетімділік деңгейі Қосылу шартында көзделгеннен төмен болса, осы Офертаның 5-бөлімінде көзделген ережелерге сәйкес тиісті ай/тоқсан үшін Жүйе сервисі қызметтерінің құны азайту жағына қарай қайта есептеледі. Клиент Жүйенің қолжетімсіздігіне байланысты Операторға қандай да бір өзге өсімпұл, тұрақсыздық айыбын, айыппұл санкцияларын қолдануға құқылы емес.
7.2. Егер Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес Клиент Қызметтер тиісінше көрсетілмеген кезде айыппұл салуға міндетті болса, осы Офертаның 7.1-тармағы қолданылмайды. Мұндай жағдайда форс-мажорлық жағдайларды және профилактикалық және техникалық жұмыстар жүргізу уақытын қоспағанда, Оператордың міндеттемелерді орындамағаны не тиісінше орындамағаны үшін, егер Тараптар Есептік кезеңде Жүйенің қолжетімсіздігі фактісін тіркесе, Клиент Оператордан Есептік кезеңдегі Жүйе сервисінің қолжетімсіздігі құнына тең, бірақ тиісті Есептік кезең үшін Жүйе сервисі құнының 10%-ынан аспайтын тұрақсыздық айыбын өндіріп алады. Осы тармақта міндеттемелерді орындамау және/немесе тиісінше орындамау деп Жүйе сервисінің қолжетімділік деңгейін Қосылу шартында және осы Офертаның 4.3-тармағында белгіленгеннен аз қамтамасыз ету түсініледі. Клиент Операторға осы Офертада көзделмеген өзге өсімпұл мен айыппұл санкцияларын қоюға құқылы емес.
7.3. Оператор Жүйедегі Клиент деректерінің толық және/немесе ішінара жоғалуы орын алған жағдайда, Оператордың кінәсі құжатпен дәлелденген және тек Оператордың мониторинг құралдарымен расталған кезде, нақты залал мөлшерінде, бірақ кез келген жағдайда осы жағдай орын алған Есептік кезең үшін Клиент нақты төлеген соманың 5%-ынан аспайтын мөлшерде жауапты болады.
7.4. Тараптар ешқандай жағдайда Оператордың Клиент алдындағы жауапкершілігі, оның ішінде осы Офертаны, Қосылу шартын орындауға және Жүйе сервисіне байланысты өзге де мән-жайларға байланысты нақты нұқсан мөлшеріндегі залал сомасы осы Офертаның 7.3-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, Клиент Операторға Қосылу шарты бойынша төлеген Оператор қызметтері құнының 10%-ынан аспайтынын келісті.
7.5. Клиент:
7.5.1. Клиент пайдаланушыларының Жүйедегі әрекеттері үшін, оның ішінде олардың өз ЭЦҚ-сының паролінің сақталуын бұзғаны үшін және Жүйеде Клиент пайдаланушысының ЭЦҚ-сын рұқсатсыз пайдалану себебінен туындауы мүмкін залалдар немесе өзге де нұқсан үшін;
7.5.2. Жүйеде Клиент пайдаланушысының логинімен жасалған барлық әрекеттер үшін;
7.5.3. Оператордың зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарының бұзылуы немесе Клиенттің/Клиент пайдаланушыларының осы Офертаның ережелерін бұзуы салдарынан Операторға келтірілген нақты нұқсан үшін жауапты болады. Клиент, сондай-ақ Клиент пайдаланушылары Оператордың зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарын және/немесе осы Офертаны бұзғаны үшін, оның ішінде осы Офертаның 6.1.5-тармақшасын бұзғаны үшін Клиент Қазақстан Республикасының заңнамасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жауапкершілікті көтереді, сондай-ақ Операторға (i) бұзушылық анықталған күнгі жасалған Қосылу шарты бойынша Оператор қызметтерінің жалпы құнының 50%-ы мөлшерінде айыппұл немесе Оператордың таңдауы бойынша (ii) Операторға келтірілген нақты нұқсанның құнына тең тіркелген ақша сомасын төлеуге міндетті. Оператордың зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарының және осы Офертаның бұзылуы салдарынан Операторға келтірілген нақты нұқсанның құнын тәуелсіз сараптама ұйымы бағалайды, оның қызметтеріне ақы төлеу жөніндегі шығыстарды Клиент көтереді. Оператор осы тармақтың орындалуын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сот тәртібімен талап етуге құқылы.
7.5.4. орындалған жұмыстар актілеріне (көрсетілген қызметтер актілеріне) уақтылы қол қоймағаны және/немесе Қызметтерге ақы төлемегені үшін мерзімі өткен әрбір күнтізбелік күн үшін Есептік кезеңдегі Қызметтер құнының 0,1%-ы мөлшерінде, бірақ Есептік кезеңдегі Қызметтер құнының 5%-ынан аспайтын тұрақсыздық айыбы түрінде жауапты болады.
7.5.5. Операторға берілген Клиенттің/Клиент пайдаланушыларының электрондық пошта мекенжайларының, Клиентті/Клиент пайдаланушысын тіркеу кезінде берілген мәліметтердің дұрыстығы мен растығы үшін, сондай-ақ оған Жүйеде және/немесе Клиенттің/Клиент пайдаланушыларының электрондық поштасына жіберілген хабарламаларды, кіріс құжаттарды және өзге де электрондық құжаттарды және/немесе хабарларды уақтылы оқымағаны және/немесе оқымағаны үшін жауапты болады.
7.6. Оператор:
7.6.1. Жүйе сервисін пайдалануға немесе пайдалану мүмкін болмауына байланысты және/немесе Клиенттің Жүйе сервисін пайдалануы/пайдаланбауы нәтижесінде туындаған кез келген нұқсан, табыстың, пайданың, жинақтың кез келген жоғалуы үшін, тікелей немесе жанама залалдар, оның ішінде Клиенттің айырылған пайдасы үшін, оның ішінде Клиент тарапынан мұндай нұқсанның ықтималдығы туралы алдын ала хабарлама болған жағдайда, немесе үшінші тараптың кез келген талабы бойынша, мұндай залалдардың туындау негізіне қарамастан;
7.6.2. егер Клиент Жеке кабинеттегі өтінімдерді орындау кезінде сұралған ақпаратты мерзімінде бермесе;
7.6.3. Жүйе сервисінің қолжетімсіздігі Операторға көрсетілетін үшінші тұлғалардың қызметтеріне, оның ішінде, бірақ мұнымен шектелмей: Оператордың серверлік инфрақұрылымын жалға алу, колокейшн, хостинг, Rent a Rack қызметтеріне, VPN арналарын беруге байланысты болған жағдайда, сондай-ақ байланыс арналарының немесе дата-орталықтардың ақаулығы, байланыс арнасын, интернетті, электр энергиясын беруді қамтамасыз ететін, сондай-ақ ақпараттық жүйелердің қатысушыларына, электрондық цифрлық қолтаңба меншік иелеріне, төлем жүйелеріне қызмет көрсететін үшінші тұлғалардың әрекеттері/әрекетсіздігі жағдайында, сондай-ақ уәкілетті органдар енгізген шектеулер нәтижесінде ЭҮСШ қолжетімсіз болған жағдайда немесе Оператордың бақылауынан тыс және Жүйе сервисін ұсынуға әсер ететін өзге де мән-жайларда Оператордан тәуелсіз себептер бойынша Жүйе сервисінің қолжетімсіздігі үшін;
7.6.4. Жүйені Жүйедегі басқа қолжетімді тілдерге аудару мағынасы үшін, өйткені Жүйедегі аударма жалпыға қолжетімді үшінші тараптың сервистері негізінде жүзеге асырылады;
7.6.5. заңнаманың, мемлекеттік ақпараттық жүйелер талаптарының және уәкілетті органдар талаптарының өзгеруі үшін жауапты болмайды.
7.7. Оператор Жүйе сервисін пайдалану арқылы берілетін ақпараттың мазмұны үшін, оның ішінде Клиент пайдаланушыларының үшінші тұлғалардың тауар белгілерін пайдалануы үшін жауапты болмайды.
8. ХАТ АЛМАСУ
8.1. Оператор мен Клиент арасындағы хат алмасу Жүйе арқылы Оператордың шлюзі арқылы электрондық нысанда және/немесе Тараптардың уәкілетті тұлғалары қол қойған ресми хаттар арқылы қағаз нысанында жүзеге асырылады.
8.2. Тараптар Жүйе арқылы жіберілген электрондық құжат, егер мұндай электрондық құжатқа Тараптардың уәкілетті тұлғаларының ЭЦҚ-сымен қол қойылса және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мұндай электрондық цифрлық қолтаңбаның түпнұсқалығы анықталса (яғни, ЭЦҚ мен тіркеу куәлігін тексерудің оң нәтижесі анықталған кезде), өз қолымен қойылған қолтаңбамен қол қойылған құжатқа тең деп танылатынымен және сондай заңдық салдарларға ие болатынымен келіседі.
9. ДЕРБЕС ДЕРЕКТЕРДІ ЖИНАУҒА, ӨҢДЕУГЕ ЖӘНЕ САҚТАУҒА КЕЛІСІМ
9.1. Дербес деректерді жинауға, өңдеуге және сақтауға байланысты қатынастарды регламенттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Клиенттің уәкілетті тұлғасы осы Офертаны акцептеуді жасаған/білдірген кезде Клиент пайдаланушысы Операторға Клиент пайдаланушысының Дербес деректерін заңнамаға қайшы келмейтін тәсілдермен, осы Офертада регламенттелген мақсаттарда жинауға, өңдеуге және сақтауға сөзсіз келісім береді.
9.2. Тараптар Клиент пайдаланушысының дербес деректері деп Клиент пайдаланушысына қатысты мынадай мәліметтерді айқындады: Т.А.Ә., электрондық пошта, телефон нөмірі (смс-хабарламаларды қосу қажет болған кезде) және Клиент пайдаланушысының биометриялық деректері (Жүйенің мобильді қосымшасын пайдаланған кезде).
9.3. Клиент пайдаланушысының дербес деректерін жинауды, өңдеуді және сақтауды Оператор мынадай мақсаттар үшін жүзеге асырады:
9.3.1. Пайдаланушыны Жүйеде сәйкестендіру үшін;
9.3.2. Клиентпен кері байланыс орнату, оның ішінде Оператордан және Жүйеден хабарламалар, жаңалықтар таратылымын және өзге де мәліметтерді жіберу үшін;
9.3.3. ҚР ҰКО-да ЭЦҚ-ның түпнұсқалығын тексеру үшін;
9.3.4. маркетингтік іс-шаралар, бағдарламалар, статистикалық зерттеулер жүргізу, Жүйені қолдауға, жақсартуға мүмкіндік беретін алынған деректерді тексеру, зерттеу және талдау үшін, сондай-ақ Оператордың қызметтерді ілгерілетуі үшін;
9.3.5. осы Офертаны және Қосылу шартын орындау мақсатында.
9.4. Дербес деректерді өңдеуге келісімді Клиент Қосылу шартының қолданылу кезеңінде және ол тоқтатылғаннан кейін 5 (бес) жыл ішінде береді. Клиент Операторға тиісті хабарлама жіберу арқылы өзінің дербес деректерін өңдеуге келісімін кері қайтарып алуға құқылы.
9.5. Клиент енгізген ақпарат осы Бөлімде көрсетілген шарттарда және мақсаттарда сақталады және өңделеді.
10. СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ШАРТТАР
10.1. Әрбір Тарап, оның барлық қызметкерлерін, агенттерін, өкілдерін, сондай-ақ басқа да мүдделі тұлғаларды немесе олардың мүдделерін білдіретін тұлғаларды қоса алғанда, басқа Тарапқа, оның қызметкерлеріне, агенттеріне, өкілдеріне, әлеуетті немесе қолданыстағы клиенттеріне және олардың тиісті филиалдарының кез келгеніне, сондай-ақ басқа Тараптың басқа да мүдделі тұлғаларына немесе осындай Тараптың атынан әрекет ететін тұлғаларға («Мүдделі тараптар») қандай да бір мүліктік/мүліктік емес мүдделілік, сыйақы, ұсыныс білдірмеуге, яғни қаржылық сыйақыны, меншікті, меншік құқығын (оның ішінде, бірақ мұнымен шектелмей, төлемнің кез келген нысандарын, сыйлықтарды және басқа да мүліктік артықшылықтарды, сыйақылар мен жеңілдіктерді (ақша немесе кез келген құндылықтар нысанында)) ұсынбауға, уәде етпеуге, бермеуге кепілдік береді және міндеттенеді.
10.2. Әрбір Тарап басқа Тарапқа Қосылу шартына қол қойылғанға дейін Қосылу шартын жасасуға байланысты басқа Тараппен кез келген іскерлік қатынастарды орнату және (немесе) кеңейту мақсатында кез келген Мүдделі тараптарға мүліктік/мүліктік емес мүдделілік, сыйақы, ұсыныстар білдірмегенін және іздемегенін, яғни қаржылық сыйақыны, меншікті, меншік құқығын ұсынбағанын, уәде етпегенін, бермегенін мәлімдейді және кепілдік береді.
10.3. Тараптар өз қызметкерлерінің әрқайсысын сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға қатысты қолданылатын стандарттар туралы хабардар етуге және сыбайлас жемқорлықтың, парақорлықтың немесе үшінші тұлғаларды сатып алудың кез келген әрекеттерінің алдын алу мақсатында тиісті саясаттар мен рәсімдерді қабылдауға міндеттенеді.
10.4. Осы Оферта және Қосылу шарты бойынша өз міндеттемелерін орындау кезінде Тараптар, олардың үлестес тұлғалары, қызметкерлері немесе делдалдары қандай да бір заңсыз артықшылықтар алу мақсатында немесе өзге де заңсыз мақсаттарда кез келген тұлғалардың әрекеттеріне немесе шешімдеріне ықпал ету үшін оларға қандай да бір ақша қаражатын немесе құндылықтарды төлемейді, төлеуді ұсынбайды және төлеуге рұқсат бермейді.
10.5. Осы Оферта және Қосылу шарты бойынша өз міндеттемелерін орындау кезінде Тараптар, олардың үлестес тұлғалары, қызметкерлері немесе делдалдары осы Оферта және Қосылу шарты мақсаттары үшін қолданылатын заңнамада пара беру/алу ретінде сараланатын әрекеттерді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнаманың және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) қарсы іс-қимыл туралы халықаралық актілердің талаптарын бұзатын әрекеттерді жүзеге асырмайды.
10.6. Клиент осы Офертаның 10.1-10.5-тармақтарының ережелерін бұзған жағдайда, Оператор Қосылу шартын бұзуға құқылы.
10.7. Клиент қолданылатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың, қолданылатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы Саясаттар мен Қағидалардың талаптарын бұзған жағдайда, Оператор Клиентті жазбаша нысанда хабардар ете отырып, Қосылу шартын бұзуға құқылы. Қосылу шарты Оператордың хабарламасында көрсетілген күннен бастап бұзылған болып саналады.
11. ЕҢСЕРІЛМЕЙТІН КҮШ МӘН-ЖАЙЛАРЫ
11.1. Тараптар өз міндеттемелерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны, сондай-ақ Тараптардың бақылауынан тыс, әскери қақтығыстардан, террористік актілерден, азаматтық толқулар мен ереуілдерден, әкімшілік шектеулерден, өрттерден, оның ішінде серверлік жабдықтың өртенуінен, Операторға көрсетілетін үшінші тұлғалардың қызметтерінен, байланыс арналарының немесе дата-орталықтардың ақауларынан, байланыс арнасын, интернетті, электр энергиясын беруді қамтамасыз ететін, сондай-ақ ақпараттық жүйелердің қатысушыларына, электрондық цифрлық қолтаңба иелеріне қызмет көрсететін үшінші тұлғалардың әрекеттерінен/әрекетсіздігінен туындаған және осы Офертаға сәйкес Тараптардың міндеттемелерді орындауына әсер ететін т.б. мән-жайлардан (бұдан әрі – форс-мажор) туындаған еңсерілмейтін күш мән-жайларының басталуы салдарынан келтірілген нұқсан үшін жауапты болмайды. Егер форс-мажорлық мән-жайлар қызметтерді көрсету мерзімдеріне немесе форс-мажор мән-жайлары басталғаннан кейін орындалуға тиіс олардың бөлігіне айтарлықтай әсер етсе, міндеттемелерді орындау мерзімдері форс-мажорлық мән-жайлардың әрекет ету уақытына мөлшерлес ұзартылады.
11.2. Форс-мажорлық мән-жайлар туындаған Тарап 5 (бес) жұмыс күні ішінде басқа Тарапты міндеттемелерді орындауға кедергі келтіретін форс-мажор мән-жайларының басталғаны туралы кез келген тәсілмен хабардар етуге тиіс. Егер бұл мән-жайлар 30 (отыз) күнтізбелік күннен астам жалғасса, Тараптардың келісімі бойынша Тараптар міндеттемелерді одан әрі орындаудан бас тарта алады. Бұл ретте Клиент Операторға осы Шарттар мен Қосылу шарты бұзылған күнге нақты көрсетілген қызметтер үшін соманы төлейді.
11.3. Оператор Жүйенің үздіксіз жұмыс істеуіне кепілдік бермейді және егер бұл іркілістер Операторға байланысты емес сыртқы себептерден туындаса, Жүйенің, байланыс желілерінің уақытша техникалық іркілістері мен жұмысындағы үзілістер немесе ұқсас іркілістер үшін жауапты болмайды.
12. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
12.1. Қосылу шарты осы Офертаның қосымшасы және ажырамас бөлігі болып табылады.
12.2. Жүйе сервисі «бар күйінде» қағидаты бойынша ұсынылатынын және осы Офертада белгіленген тәртіппен жұмыс істейтінін назарға ала отырып, Тараптар мынаны айқындады: Тараптар арасында Клиенттің нысаны бойынша шарт жасалған жағдайда, осы Офертаның ережелері мұндай шартта реттелмеген бөлігінде қолданылады. Осы Офертаның ережелері мен Клиенттің нысаны бойынша шарт арасында қайшылықтар болған кезде, егер Тараптар тікелей өзгеше келіспесе, Жүйе сервисін ұсынуды реттейтін бөлігінде осы Офертаның ережелері басым күшке ие болады.
12.3. Ауызша нысанда берілген тапсырмалар осы Оферта және Қосылу шарты шеңберінде оларды орындауға негіз болып табылмайды. Егер Оператор Клиент пайдаланушыларының Жүйедегі белсенділігін, оның ішінде, бірақ мұнымен шектелмей, мынадай әрекеттерді: Жүйеге кіруді, құжаттарды қарауды, құжаттарды қабылдау мен жіберуді анықтаса, қызметтер Оператор көрсеткен болып танылады.
12.4. Осы Оферта Қосылу шартында көрсетілген мерзім ішінде қолданылады. Қосылу шарты ұзартылған жағдайда Тараптар ұзартылған кезеңге Оператордың қызметтерінің, оның ішінде Жүйе сервисінің құнын есептей отырып, қосымша келісім жасасады.
12.5. Осы Оферта Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады және Шарттар бойынша қолданылатын құқық Қазақстан Республикасының заңнамасы және «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) құқығы болып табылады.
12.6. Тараптар осы Офертаны және Қосылу шартын орындау кезінде туындауы мүмкін барлық дауларды және келіспеушіліктерді келіссөздер жолымен реттеу үшін барлық шараларды қабылдайды. Оператор АХҚО резиденті болып табылатындықтан, Тараптар дауларды келіссөздер жолымен шешу мүмкін болмаған жағдайда, осы офертадан және/немесе Қосылу шартынан туындайтын немесе оларға байланысты шарттық немесе шарттан тыс сипаттағы кез келген дау, оның ішінде олардың болуына, жарамдылығына немесе тоқтатылуына қатысты кез келген мәселе АХҚО Сотының айрықша юрисдикциясына жататынына келісті.
12.7. Қосылу шарты Тараптардың жазбаша келісімі бойынша соттан тыс тәртіппен бұзылуы мүмкін.
12.8. Қосылу шартын Оператор біржақты соттан тыс тәртіппен, оның ішінде орындалған жұмыстар актілеріне уақтылы қол қойылмаған және Клиент алған Оператор қызметтеріне ақы төлемеген жағдайда, бұзу күніне дейін 10 (он) күнтізбелік күн бұрын Клиентті хабардар ету арқылы бұзуы мүмкін.
12.9. Қосылу шарты мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда Клиент бұзу күніне дейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде нақты көрсетілген Қызметтер үшін ақы төлеуге міндеттенеді, содан кейін Тараптар өзара есеп айырысуларды салыстыру актісіне қол қояды.
12.10. Қосылу шартын Клиент болжамды бұзу күніне дейін 1 (бір) күнтізбелік ай бұрын Операторды хабардар ету арқылы біржақты соттан тыс тәртіппен бұзуы мүмкін.
12.11. Қосылу шарты мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда Тараптар нақты көрсетілген Қызметтердің үлесін ескере отырып, оны бұзу күніне дейін өзара есеп айырысуларды жүргізеді.
12.12. Тараптар арасындағы шарттық қатынастар тоқтатылған жағдайда, шарттық қатынастар тоқтатылғаннан кейінгі 3 (үш) ай ішінде Клиенттің деректері осы Офертаның 6.2.3-тармақшасына сәйкес Клиенттің ресми жазбаша сұрауы негізінде xml форматындағы жүктеме түрінде беріледі. Көрсетілген мерзім өткеннен кейін Оператор Клиенттің деректерін сақтауға міндетті емес және оларды сақтау үшін жауапты болмайды және Клиенттің Жүйедегі барлық деректерін өз серверлерінен жояды. Жүйе сервисін пайдалану кезеңінде Шлюз арқылы жіберілген және алынған электрондық құжаттар бойынша деректемелік ақпаратты Оператор 5 (бес) жыл бойы сақтайды.
12.13. Тараптар Жүйеде Қосылу шартына Тараптардың Уәкілетті тұлғаларының ЭЦҚ-сымен қол қоя отырып, оған электрондық нысанда қол қоюға келісті. Қосылу шарты заңды күшке ие, Жүйеде қарау үшін қолжетімді.
12.14. Оператор осы Оферта және Қосылу шарты бойынша өз құқықтары мен міндеттерін бұл туралы Клиентті жазбаша хабардар ете отырып, үшінші тұлғаға беруге құқылы, ал Клиент осымен мұндай ықтимал беруге өз келісімін білдіреді.
12.15. Егер Клиенттің/Клиент пайдаланушысының әрекеттері немесе әрекетсіздігі Операторға мемлекеттік органдар тарапынан айыппұл санкцияларын төлеу туралы нұсқамалар, үшінші тұлғалар тарапынан талаптар қоюға немесе өзге де заңдық жауапкершілікке тартуға негіз болса, Клиент Оператордың талабы бойынша дереу барлық сұралған ақпаратты беруге, туындаған талаптарды өз бетінше реттеуге, сондай-ақ Операторға келтірілген барлық залалдарды (айыппұлдарды төлеу жөніндегі шығыстарды қоса алғанда) өтеуге міндеттенеді.
12.16. Егер Клиент Жүйені өзінің серверлік инфрақұрылымында (оның ішінде PaaS моделі бойынша не on-premise/жергілікті орналастыру) орналастыру туралы шешім қабылдаса, Жүйеге қол жеткізу тек Клиент пайдаланатын қорғалған VPN-қосылым арқылы жүзеге асырылады (әр Тараптың өз VPN-инфрақұрылымы бар). Бұл ретте:
12.16.1. Клиент Оператордың техникалық маманы үшін жеке есептік жазба жасауға және Операторға VPN арқылы Жүйеге қосылу үшін қажетті есептік деректерді (логин мен парольді) беруге міндеттенеді.
12.16.2. Ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтау мақсатында Жүйеге қол жеткізу үшін қашықтан қол жеткізу бағдарламаларын (мысалы: AnyDesk, TeamViewer, Microsoft Teams және ұқсас бағдарламаларды) пайдалануға жол берілмейді.
12.16.3. Көрсетілген қол жеткізу тетігі Жүйені өрістету, енгізу және баптау жұмыстарын орындау үшін, сондай-ақ кейіннен сүйемелдеу, техникалық қолдау және Клиенттің өтінімдерін өңдеу үшін міндетті және қажетті болып табылады.
12.17. Осы Оферта Клиент пен Оператор арасында Жүйе сервисін пайдалану тәртібіне қатысты келісім жасасуды білдіреді және Клиент пен Оператор арасындағы барлық бұрынғы уағдаластықтарды алмастырады. Осы Офертаның жекелеген бөліктерін жарамсыз деп тану осы Офертаның басқа ережелерінің қолданылуын жоймайды.
12.18. Осы Офертаға барлық Қосымшалар (олар болған кезде) осы Офертаның ажырамас бөлігі болып табылады.
12.19. Оператор кез келген уақытта осы Офертаға, оған Қосымшаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады, бұл туралы Оператор Клиентті Оператордың Сайтында және (немесе) Жеке кабинетте және (немесе) Documentolog News /t.me/documentolog Telegram-арнасында хабарлама орналастыру арқылы хабардар етеді. Осы Офертаға, оған Қосымшаларға өзгерістер, оның ішінде Офертаны, Қосымшаларды жаңа редакцияда жазу арқылы енгізілетін өзгерістер Сайтта жарияланған күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде күшіне енеді. Клиент Офертаның өзекті нұсқасымен танысуға және Клиент пайдаланушыларының олармен танысуын қамтамасыз етуге міндеттенеді және өзгерістермен уақтылы танысу үшін өз бетінше жауапты болады. Офертаға өзгерістер және/немесе толықтырулар күшіне енгеннен кейін Жүйе сервисін пайдалануды жалғастыратын Клиент оларды қабылдаған болып саналады.
